Өмір, ғылым және музыка үндестігі

Мәдениет және өнер факультетінің қабырғасында көрнекті педагог, ғалым, музыка өнерінің жанашыры Ольга Александровна Бабенконың 60 жылдық мерейтойына арналған «Өмір, ғылым және музыка үндестігі» атты салтанатты мерекелік кеш жоғары деңгейде өтті. Бұл айтулы дата кемелдік пен парасаттың, кәсіби шеберлік пен мол өмірлік тәжірибенің биік белесі екені шара барысында ерекше атап өтілді.                                       

Ольга Александровна Бабенко Батыс Қазақстан өңіріндегі музыкалық білім беру мен педагогикалық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым-педагог. Ол 1982 жылы Орал музыка училищесін тәмамдап, кәсіби музыкалық білімнің берік негізін қалады. 1997 жылы Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институтын аяқтап, музыкалық-педагогикалық қызметін тереңдете түсті.                                                                                   

2003 жылы ғылыми ізденісін жалғастыру мақсатында аспирантураға түсіп, 2009 жылы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде педагогика ғылымдары бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. 2010 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді.                                                                   

1994 жылдан 2026 жылға дейін Ольга Александровна М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде үздіксіз еңбек етіп, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, білім беру бағдарламаларының жетекшісі қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Оның педагогикалық қызметінің негізгі бағыттары музыкалық-теориялық пәндер мен жалпы фортепианоны оқытуға арналды.                                                                                                      

38 жылдан астам педагогикалық тәжірибесі бар ғалым-ұстаз осы уақыт ішінде музыка өнері мен педагогика саласында көптеген білікті мамандарды даярлады. Ол оқу үдерісіне заманауи оқыту әдістері мен инновациялық технологияларды енгізу арқылы музыкалық білім берудің сапасын арттыруға зор үлес қосты.                                               

Ольга Александровнаның ғылыми-зерттеу еңбектері Батыс Қазақстандағы музыкалық білім беру тарихын зерделеуге, музыкалық педагогикадағы инновациялық технологияларды дамытуға және өңірдің мәдени мұрасын сақтауға бағытталған. Оның еңбектерінде музыкалық білім беру үдерісінің қалыптасу тарихы, балалар музыка мектептері мен өнер мектептеріндегі авторлық инновациялық технологиялар, сондай-ақ қазақ және орыс халықтарының мәдени өзара байланысы мен тарихи жады мәселелері кеңінен қамтылған.                                                                                                                

Ғалымның зерттеулері халықаралық және республикалық ғылыми басылымдар мен конференция материалдарында жарияланып, ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Бұл еңбектер музыкалық білім беру мәселелеріне кешенді көзқарасты, заманауи білім беру технологияларын қолданудың маңызын және аймақтық мәдени бірегейлікті сақтаудың өзектілігін айқын көрсетеді.                                                                                            

Ольга Александровна кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіруге ерекше көңіл бөледі. Ол білім беру сапасын қамтамасыз ету, оқу нәтижелерін бағалау, қашықтан оқыту әдістемесі, білім берудегі менеджмент, жалпы фортепиано, музыкатану, сондай-ақ халықаралық жобалар аясында педагогикалық әлеуетті дамыту бағыттары бойынша бірқатар біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Бұл оның заманауи педагогикалық тәжірибелерді оқу үдерісіне тиімді енгізуіне кең мүмкіндік берді.                                          

Қазіргі таңда орындаушылық өнер саласындағы мамандарды даярлау білім беру бағдарламасының жетекшісі ретінде көптеген дарынды студенттердің қалыптасуына ықпал етуде. Оның шәкірттері бүгінгі күні елге танымал өнер иелері атанып, ұстаз еңбегінің жемісін көрсетіп келеді.                                                                                                           Салтанатты кеш барысында университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, география ғылымдарының кандидаты Ахмеденов Қажымұрат Мақсотұлы, сондай-ақ университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Қажиахметов Салауат Абайұлы құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесінің кәсіби біліктілігі, адами қасиеті мен ұжымдағы зор беделін ерекше атап өтті.            

Кеш көркін Ольга Александровнаның талантты шәкірті, вокалдық өнер мамандығының түлегі, облыстық академиялық филармонияның солисі Тарас Жауынбаевтың орындауындағы әсерлі ән аша түсті. Сонымен қатар Мәдениет және өнер факультетінің деканы Қажымова Қарлығаш Рахымқызы, әріптестері мен достары жүрекжарды лебіздерін білдірді.                    

Студенттер үшін Ольга Александровна тек оқытушы ғана емес, нағыз тәлімгер, шабыт беруші, кәсіби адалдықтың жарқын үлгісі екені ерекше атап өтілді. Кеш барысында түлектердің бейнеқұттықтаулары мен музыкалық нөмірлер ұсынылып, мерекелік көңіл күй одан әрі жалғасын тапты.                                                                                                             

Шара соңында сөз алған мерейтой иесі көрсетілген құрмет пен ықылас үшін алғысын білдіріп, шәкірттері мен әріптестеріне жылы лебізін арнады.  Бұл тағылымды әрі әсерлі кеш Ольга Александровна Бабенконың саналы ғұмыры мен өнегелі ұстаздық жолына көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісі болды.

Мәдениет және өнер факультетінің тәрбие  ісі жөніндегі

декан орынбасары Р.Ж. Куаншалиева

 

 

 


Печать