Мәдениет және өнер факультетінің студенттері үшін «Психологиялық бағыт-бағдар: өзін-өзі тану және даму жолдары» тақырыбында танымдық кездесу өтті. Іс-шараға М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті жастар ісі жөніндегі комитеттің психолог маманы Гүлзамира Төлегенқызы арнайы шақырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – студенттердің психологиялық сауаттылығын арттыру, өзін-өзі тану, ішкі әлеуетін ашу және тұлғалық дамуға бағыт-бағдар беру болды.
Кездесу барысында маман өзін-өзі танудың маңызы, тұлғаның эмоционалдық жағдайын реттеу, стресс пен мазасыздықты жеңу жолдары туралы кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар, жастардың өзіне деген сенімін арттыру, дұрыс мақсат қоя білу және жеке даму жоспарын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Гүлзамира Төлегенқызы студенттерге психологиялық жаттығулар ұсынып, өз ойы мен сезімін еркін жеткізудің, ішкі тепе-теңдікті сақтаудың тиімді әдістерімен бөлісті. Кездесу интерактивті форматта өтіп, студенттер маманға көкейіндегі сұрақтарын қойып, пайдалы кеңестер алды.
Аталған кездесу студенттердің өзін-өзі тануына, рухани дамуына және болашақ кәсіби жолында психологиялық тұрғыдан дұрыс бағыт алуына оң әсерін тигізген маңызды іс-шаралардың бірі болды.

