Білім берудегі жасанды интеллект: мүмкіндіктері мен тәжірибелік қолдану жолдары

Қазіргі таңда жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары білім беру саласында кеңінен қолданылып, оқыту үдерісінің мазмұны мен сапасын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Осыған орай Мәдениет және өнер факультеті оқытушыларына арналған  «Білім берудегі жасанды интеллект: мүмкіндіктері мен тәжірибелік қолдану жолдары» тақырыбында әдістемелік семинар ұйымдастырылды.

Семинардың негізгі мақсаты – оқытушыларды заманауи жасанды интеллект құралдарымен таныстыру, сондай-ақ оларды оқу үдерісінде тиімді пайдалану жолдарын көрсету болды. Іс-шарана жүргізген білікті оқытушы Амантурлина Г.Қ семинар барысында қатысушыларға әртүрлі мақсатта қолданылатын чат-боттардың мүмкіндіктерімен таныстырып, оларды сабақ жоспарлау, оқу-әдістемелік материалдар дайындау, тест тапсырмаларын құрастыру және студенттермен кері байланыс орнату үдерістерінде пайдалану тәсілдерін меңгертті.

Семинарда шығармашылық бағыттағы мамандықтарға арналған жасанды интеллект құралдарына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, музыка мамандығына арналған ЖИ құралдары арқылы музыка жазу, аранжировка жасау және дыбысты өңдеу мүмкіндіктері таныстырылды. Дизайн мамандығына арналған жасанды интеллект құралдары графикалық дизайн мен визуалды контент жасаудағы тиімділігімен ерекшеленді. Аспапта орындау мамандығы бойынша жасанды интеллекттің орындаушылық шеберлікті жетілдіруге және жаттығу үдерісін оңтайландыруға ықпал ететіні айтылды. Сонымен қатар суретшілерге арналған жасанды интеллект құралдарын қолдану бағыттары ұсынылып, көркем шығармашылықты дамыту жолдары көрсетілді.

Іс-шара барысында жасанды интеллекттің негізгі түрлері мен олардың атқаратын қызметтері түсіндіріліп, білім беру саласындағы маңызына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ оқытушыларға NotebookLM құралын пайдалану жолдары көрсетіліп, оны оқу материалдарын жүйелеу, құжаттармен жұмыс жүргізу және зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру барысында қолдану мүмкіндіктері таныстырылды.

Семинардың практикалық бөлімінде қатысушылар жасанды интеллект құралдарын өз пәндеріне бейімдеп қолданып көріп, жаңа технологиялардың білім беру үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, оқытушылар мен білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қорытындылай келе, аталған әдістемелік семинар білім беру саласында жасанды интеллектті қолданудың маңыздылығын айқындап, оқытушыларға жаңа тәжірибе мен тың идеялар сыйлаған мазмұнды әрі пайдалы іс-шара болды.


Печать