Қарттарды қадірлеу – мейірімділік белгісі

Қазан айы – жүректерге жылу ұялатар, мейірімділік пен қамқорлықтың айы болып табылады. Осыған орай, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Мәдениет және өнер факультеті, мәдени-тынығу жұмысы білім беру бағдарламасының студенттері мен кураторларының ұйымдастыруымен «Қарттарды қадірлеу – парызымыз» атты мерекелік концерт өткізілді. Бұл тағылымды шара Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ардагер қонақтарына арналды және оларға деген шынайы құрмет пен алғыс сезімінің көрінісіне айналды.

Концерттің шымылдығы ардақты қарияларға арналған жүрекжарды құттықтаулармен ашылды. Жүргізушілер көрермендерді жылы лебізбен қарсы алып, қарияларымыздың қоғамдағы орны, өмірлік тәжірибесі мен даналығы жайлы терең ой қозғады.

Сахна төрінен сөз алған Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры орынбасары  Әсемгүл Ерланқызы барша ұйымдастырушылар мен студенттерге ризашылығын білдіріп, қарттар қоғамының рухани тірегі екенін атап өтті.

Мерекелік кеш барысында жиналғандарға студенттердің орындауындағы ән мен күй, би мен поэзиядан құралған әсерлі концерт ұсынылып, «Қазақ» биі мен домбыра пернесінен төгілген күмбірлеген күйлер кештің көркін аша түсіп,көрермен көңілін елжіретті. Сонымен қатар, орыс ақыны Сергей Есениннің «Письмо матери» атты өлеңін тебірене оқып, кешке әдеби әр берді.

Концерт соңында жүргізушілер барлық қонақтарға шынайы алғысын білдіріп, қарияларға ұзақ ғұмыр, денсаулық пен шаттық тіледі.

«Қарттарын сыйлаған ел – қазыналы ел» деген дана халқымыз. Осы бір тағылымды шара – қарияларға құрмет көрсету арқылы жастарды үлкенге ізет, кішіге қамқор болуға тәрбиелейтін өнегелі үрдістің жалғасы іспетті.

 

 


Печать