Жыл сайын қыркүйек айында Музыка мұғалімдерін дайындау білім беру бағдарламасы бойынша кәсіптік бағдар беру жұмыстарының және базалық мектептермен бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленіп, білім беру бағдарламасы отырысында талқыланып, бекітіледі. Аталған жоспар негізінде қала және аудан мектептерімен жүйелі түрде кәсіби бағдар беру жұмыстары ұйымдастырылады.
Қала және аудан мектептерінде кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізу үшін мамандықтың оқытушылары тағайындалып, олардың тізімі ЖОО-ға дейінгі дайындық орталығына ұсынылады. Оқытушылар мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіп, білім беру бағдарламасының ерекшеліктері, оқу үдерісі, шығармашылық емтихан талаптары, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат береді.
Музыка мұғалімдерін дайындау білім беру бағдарламасы бойынша кәсіптік бағдар беру жұмысына жауапты оқытушы А.Ж. Кенжегалиева кәсіби бағдар беру жұмыстарын жоғары жауапкершілікпен ұйымдастырып, мектептермен тығыз байланыс орнатуда белсенділік танытып келеді. Кәсіптік бағдар беру жұмыстары әртүрлі бағытта жүргізіліп, оқытушылар оқушыларға мамандықтың мазмұны, болашақ кәсіби қызмет салалары, шығармашылық қабілеттерді дамыту жолдары бойынша кеңестер береді.
Кәсіби бағдар беру жұмысы аясында:
- қала және аудан мектептерінде кездесулер, түсіндіру сабақтары, шеберлік сыныптары ұйымдастырылады;
- талапкерлерге арналған ашық есік күндері өткізіледі;
- шығармашылық емтихан талаптары мен бағалау критерийлері түсіндіріледі;
- талапкерлердің вокалдық, музыкалық-теориялық және орындаушылық қабілеттерін анықтауға бағытталған консультациялар беріледі;
- әлеуметтік желілер мен университеттің ресми сайтында ақпараттық материалдар жарияланады.
Қала мен аудан мектептерімен тығыз байланыс орнату арқылы мектеп түлектерінің болашақ мамандықты саналы түрде таңдауларына жағдай жасалады. Әрбір оқытушы өз қызметінде жауапкершілік танытып, оқушыларға кәсіби кеңестер беріп, шығармашылық бағыттарын айқындауға көмектеседі.
Жүргізілген кәсіптік бағдар беру жұмыстарының нәтижесінде талапкерлердің мамандыққа қызығушылығы артып, Музыка мұғалімдерін дайындау білім беру бағдарламасына түсушілер санының өсуіне оң әсер етеді.


