«Жұмыр қылыш» командасының жетістік пен шығармашылық белестері

2026 жылғы 30–31 наурыз күндері Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті базасында ЖОО-ның «В092 – Тынығу» білім беру бағдарламалары арасында Қазақстан халқына Жолдауды іске асыру мақсатында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оларды түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбында XVIII Республикалық студенттік пәндік олимпиада өткізілді.
Аталған олимпиаданың тақырыбы – «Мәдени-тынығу жұмысындағы жасанды интеллект: жаңа модельдер мен болашақ». Республикалық пәндік олимпиаданың мақсаты – студенттердің білімі мен кәсіби шеберлігін шыңдау, талантты жастарды анықтау және олардың шығармашылық әлеуетін арттыру. Пәндік олимпиада екі кезең бойынша өтті: бірінші кезең – жоба қорғау, екінші кезең – шығармашылық жұмыс.
Осы білім додасында «Жұмыр қылыш» командасы жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді.
Бірінші кезеңде студенттер жобаларын қорғап, өз идеялары мен шешімдерімен көзге түсіп, комиссия мүшелерінің назарын аударды. Сонымен қатар, екінші кезең бойынша команда «Үздік актерлік шеберлік» номинациясы бойынша жеңімпаз атанса, МТЖ білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Оразалы Гүлмира «Үздік әйел бейнесі» номинациясының иегері атанды.
Команда капитаны – МТЖ білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Бактыгалиева Зада. Команданың ғылыми жетекшісі, Мәдени-тынығу жұмысы білім беру бағдарламасының жетекшісі, аға оқытушы, магистр Жумагалиева Гульжазира Ермекқызы өз кәсіби шеберлігі мен жетекшілігі үшін университет ректора атынан алғысқа ие болды. Оның студенттерді дайындаудағы еңбегі, шығармашылық және кәсіби дамуын қолдауы команданың жоғары нәтижелерге жетуіне зор үлес қосты.
Олимпиадаға қатысуымызға қолдау көрсеткен университет басшылығына, факультет деканына, БББ жетекшісіне, сондай-ақ әріптестеріміз бен ұйымдастырушы әріптестерге шын жүректен алғысымызды білдіреміз.Олимпиада қатысқан студенттерімізге жаңа белестер мен шығармашылық табыс тілейміз!

 


Басып шығару