Мамандығым -болашағым

2024-25 оқу жылының 5 наурызында Музыка мұғалімдерін дайындау білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, моб –31  тобының кураторы А.Ж.Кенжегалиева топ студенттерімен «Мамандығым - болашағым» атты кураторлық сағат өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың болашақ мамандықтарына деген қызығушылығын оятып, олардың кәсіби бағдарын қалыптастыруға ықпал ету. Кураторлық сағат педагог мамандығының негізгі міндеттерін таныстырудан басталды. Білім алушылар өздерінің таңдаған мамандықтары туралы слайд дайындап, үш жыл алған білімдерін ортаға салды.     Музыкалық білім беру бағдарламасы бойынша музыка мұғалімінің мақсаты мен міндеттерімен таныстырып, арнайы пәндерге қысқаша шолу жасап әр пәннің ерекшелігін айтты. Студенттер әрбір пәнге музыкалық композиция дайындады. Дауыс қою пәні бойынша Сармина Полина «Куә бол» (Әні: Н.Тілендиев, сөзі: Т.Молдағалиев) әнін орындады.  Мектеп ән репертуары пәнінен  студенттер музыкалық аспаптармен сүйемелдей отыра «Бау-бақша белдері» әнін орындап, аспаптық орындаушылық шеберліктерін көрсетті. Келесі кезекте қазақ халқының мәдени мұрасы саналатын домбыра өнері дәріптелді. Домбыра әдістемесі бойынша Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі орындалып, ұлттық аспаптың маңызы мен оның техникалық ерекшеліктері түсіндірілді. Хорды дирижерлеу және хор практикумы пәндері бойынша топ студенті Досниязова Айым дирижерлік етіп, студенттерден құрылған хор украин халық әні «Щедрик» әнін орындады. Кураторлық сағатты топ кураторы  қорытындылай келе мамандықты дұрыс таңдау адам өміріндегі маңызды қадам екеніне тоқталып, осындай шаралар болашақ мамандардың кәсіби өсуіне, педагогикалық ой-өрісінің кеңеюіне және болашаққа деген сенімділігінің артуына ықпал ететінін айтты.

                Кураторлық сағатқа Мәдениет және өнер факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Р.Ж.Куаншалиева, музыка мұғалімдерін дайындау ббб-ның жетекшісі К.Л.Кисметов және оқытушылар қатысты.

 

 


Басып шығару