Мәдениет және өнер саласында кәсіби кадрларды даярлаудың заманауи технологиялары

2025 жылдың 25 ақпанында «Мәдениет және өнер саласында кәсіби кадрларды даярлаудың заманауи технологиялары» атты әдістемелік айлық аясында музыкалық білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, магистр А.Ж.Кенжегалиева студенттердің қатысуымен арнайы музыкалық аспап «домбыра» пәні бойынша Қазанғап Тілепбергенұлының шығармашылығына арналған дәріс-презентация өткізді.

Дәрістің мақсаты – Қазанғап Тілепбергенұлының өмірі мен шығармашылығын кеңінен зерттеп, күйлердің тарихи және көркемдік маңызын ашу, студенттердің орындаушылық шеберлігін арттыру. Дәріс барысында студенттерге Қазанғап Тілепбергенұлының өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен мағлұмат беріліп, оның күйлерінің философиялық мазмұны, әуездік ерекшеліктері және орындаушылық шеберлігі талданды. Студенттер Қазанғап күйлерінің тарихын айта отырып «Ақжелең», «Құс қайтару», «Он сегіз жасар Балжан қыз», «Учитель» күйлерін, қазіргі таңда сирек орындалып жүрген «Жем суының тасқыны», «Ұршықтың жұртта қалғаны» күйлерін, қыздар ансамблі «Шыныаяқ» күйін орындап, күйдің құрылымын, мазмұнын, әуендік байлығын тыңдаушыларға жеткізе білді.

Ашық сабаққа әдістемелік жұмыс және білім беру технологиялар бөлімінің әдіскері Ермекбаева Лаура Джасузаковна, Мәдениет және өнер факультетінің деканы Кажимова Карылгаш Рахимовна, факультет деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары Хабадашев Нурдаулет  Аскарович, факультет деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Куаншалиева Раушан Жардемовна, музыка мұғалімдерін дайындау ббб-ның жетекшісі Кисметов Куаныш Лабибович және оқытушылар қатысты.

Дәріс соңында студенттерге Қазанғап күйлерінің ерекшеліктері туралы сұрақтар қойылып, кері байланыс орнатылып, өзара пікір алмасу ұйымдастырылды. Дәріс нәтижесінде Қазанғап күйлерінің қазақ музыка мәдениетіндегі орны ерекше екендігі атап өтіліп, Қазанғап Тілепбергенұлының шығармашылығын зерттеу мен кеңінен дәріптеу – қазақ күй өнерін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі деп тұжырымдалды.


Басып шығару