«Болашақ маман даярлауда білім бағдарламасының мазмұны мен перспективалары» атты тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылды

Түлектерді жұмыспен қамтудың тиімді жолдарын айқындау және пікір алмасу мақсатында ақпан айының 9-шы жұлдызында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті Мәдениет және өнер факультетінде «Музыкалық білім және вокал», «Хореография және мәдени-тынығу жұмысы» және «Дәстүрлі музыка және орындаушылық өнер» кафедрасының  «Болашақ маман даярлауда білім бағдарламасының мазмұны мен перспективалары» атты тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелдің мақсаты болашақ маман даярлауда білім бағдарламаларының мазмұндарымен жандандыру міндеттерін белгілеу болды. Дөңгелек үстелге қаламыздың шығармашылық орталықтарының басшылары, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжі оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, №1, 5 жалпы орта білім беретін мектептер мен Д.Нұрпейісова атындағы №1 саз мектебі. Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры,облыстық халық шығармашылық орталығы,Орал қалалық Жастар мәдениет сарайының директорлары қатысты.

Мәдениет және өнер факультетінің деканы Қарлығаш Рахымқызы сөз бастаған жиында бірнеше мәселелер қарастырылды. Мәдениет және өнер факультетінің «Музыкалық білім және вокал» кафедрасының меңгерушісі Ольга Александровна және «Хореография және мәдени-тынығу жұмысы» кафедрасының меңгерушісі Қарлығаш Дайырғалиқызы «Элективті пәндер каталогымен» таныстырып, маман даярлаудағы кейбір өзекті мәселелер мен түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыру үшін қалалық мекемелер мен серіктестікке отыру керектігі де талқыланды. Жұмыс берушілер мен қатысқандар баяндамаларды үлкен қызығушылықпен тыңдап, білім беру бағдарламалары туралы өз ұсыныстарын, ұсынымдары мен оң пікірлерін білдірді.

Талқылау нәтижесінде оқытушылар мен студенттер қонақтарға жаңа білім беру бағдарламаларын жаңарту және әзірлеу кезінде ескерілетін қызықты ұсыныстар үшін алғыс білдірді. Болашақ маман тәрбиелеудегі өзекті мәселердің төңірегіндегі өткен дөңгелек үстел қызу пікірталаста өтті.


Басып шығару