Халықаралық студенттер күні аталып өтті

2020 жылдың 17 қарашасында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің, Мәдениет және өнер факультетінде, музыкалық білім мамандығының Моб-11, Моб/у-13 топ студенттері және топ кураторы К.Е.Бисекованың ұйымдастыруымен, студенттер күніне арналған «Қызықты көңіл – студенттік өмір» тақырыбында мерекелік шара оздырылды.   Шараның мақсаты: студенттерді мереке тарихымен таныстыра отырып, оларды ізденгіштікке, белсенділікке, жан-жақтылыққа, уақытын тиімді пайдалануға, жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеу. Студенттік кезде терең білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып шығуға үндеу.

Шара барысында топ кураторы К.Е.Бисекова мерекенің шығу тарихына терең тоқтала отырып, студенттерді мерекелерімен құттықтап, болашақта топ студенттерін бәсекеге қабілетті маман болу үшін аянбай еңбек етіп, білім алуға шақырды. Мерекелік шара топ студенттерінің музыкалық концертіне ұласты. Кеште Н.Зайыров Құрманғазының «Адай» күйін, Қуанышұлы Досбол Құрманғазының «Балбырауын» күйлерін ерекше шеберлікпен орындаса, К.Аюпова «Студенчество прекрасная пора» өлеңін нақышына келтіре оқып, видеосюжетпен бөлісті. Сондай-ақ топ студенті Н.Сағынтай «Студенттер әнін» орындап, А.Сақы мен Ш.Сәкенұлы «Бір үйдің баласындай әнін көрерменнің назарына ұсынды. Кеш барысында топ студенттері мерекеге арнап дайындаған видеороликтерімен бөлісті. Шараға факультет деканы К.Р.Кажимова қатысып, студенттерді өнер мен білімді қатар алып жүруге ұстаздық тілегін білдірсе, музыкалық білім және вокал кафедрасының аға оқытушысы Л.Қ.Өмірзақова студенттерді мерекемен құттықтай отырып,  ерінбей-жалықпай еңбек етіп, білім алуға шақырды. Шара соңында топ студенті Н.Зайыров ұстаздарға ерекше ықыласпен алғыс айтып, жүрекжарды лебізін жолдады.

 


Басып шығару