Онлайн конференция: «Студенттік олимпиададан кейінгі ойлар: өсуге арналған жаңа стимул мен жаңа бағыт»

Мәдениет және өнер факультетінде «Студенттік олимпиададан кейінгі ойлар: өсуге арналған жаңа стимул мен жаңа бағыт» атты ғылыми талдау алаңы ZOOM программасы арқылы конференция онлайн түрде өтті

Қазақстанның ғылыми қызметкерлері күніне орай 16 сәуір күні мәдениет және өнер факультетінде «Студенттік олимпиададан кейінгі ойлар: өсуге арналған жаңа стимул мен жаңа бағыт» атты тақырыпта профессорлық-оқытушылар құрамы мен магистранттар, студенттері арасында талдау бағытында ұйымдастырылды. Ғылыми апталық аясындағы шара «ZOOM» байланысы  арқылы жүргізілді. Дөңгелек үстел модераторы, факультет деканы PhD доктор, доцент Қарлығаш Рахымқызы Кажимова наурыз айында ұйымдастырылған республикалық студенттік пәндік олимпиададан жүлделі оралған студенттерді құттықтады. Одан кейін хореография және мәдени тынығу жұмысы кафедрасының оқытушысы, магистр Елекенова Ардақ Бекмирасқызы Алматы қаласында Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында өткізілген жоғары оқу орындары студенттерінің ХІІ пәндік олимпиадасының өту барысы туралы баяндады. Кезегімен сөз бастаған «Режиссура» мамандығының 2 - курс студенті, Мәдениет және өнер факультетінің студенттік деканы Қоблан Мирас олимпиададан алған әсерімен бөлісіп, қолдау көрсеткен университет басшылығына барша студенттер атынан алғысын білдірді. «Режиссура» мамандығының 2- курс студенті Нұрқуат Дана олимпиадаға қатысу арқылы тәжірибе алмасу алаңынан өткендіктерін, аталмыш сайыс жаңа бастамалар, тың ізденістерге жол ашқанын атап өтті. Алдағы уақытта академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып,  ұйымдастырылатын шеберлік-класс пен семинар-тренингтерге қатысу өздерінің өсу жолында көп септігін тигізетінін айтты. Мамандықтың 2-курс студенті Төлеуғалиева Айкөркем олимпиада еліміздегі танымал театр педагогтарының алдында өнер көрсетіп, олардың бағасы мен кеңестерін алғанын атап өтіп, алдағы уақытта қойылым формасын іздеуде, оны көрерменге жеткізу тілін таңдауда қай бағытта шыңдалу керек деген сұрақтарға жауап алғандығы жөнінде айтты. Одан соң осы мамандықтың 2-курс студенті Бейбітов Айбек топ студенттері жұмыла жұмыстанып, ауызбіршіліктерінің арқасында университет намысын сәтті қорғағандарын жеткізді. «Сахна тілі», «Режиссура» пәндері бойынша жүлделі ІІІ орынға лайық деп танылғандарын атап, олимпиадаға арналған сапар топ студенттерін мамандықтары бойынша ғылыми ізденістер жасауға талпындырғанын, биік шыңдарды бағындыруға шабыттандырғанын атап өтті. Конференция барысында сөз алған «Режиссура» мамандығының оқытушысы Сұлтанова Меңдігүл Есләмғалиқызы әркез ізденісте жүретін студенттердің еңбегін бағалап, болашақтарына ақ жол тіледі. Мамандық  бойынша олимпиададан кейінгі ойын қорытындылаған оқытушы Елекенова Ардақ Бекмирасқызы республикалық сайыста жетекшілік жасаған оқытушылардың еңбегін ерекше атап өтті. Студентке сапалы білім беруге жаңашыл қандай бағыттарды ұстану керек, еліміз бойынша театр педагогикасы қандай дәрежеде дамып келеді, мамандық бойынша жаңа заманғы бағдар қандай аспектілерден құралады, білім көшінің алдыңғы қатарында болуымыз үшін қай ұстанымды өзгертіп, қандай жаңашыл қадамдарға баруымыз керек деген секілді сұрақтарға жауап ала алғандығын айтты.

Келесі сөз кезегін «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының оқытушысы Качекова Шынар Ердайынқызы да өз пікірімен бөлісті. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына сәндік өнер мамандығы бойынша олимпиадаға Жұбан Айкөркем тоқыма бөлімінен барса, Көбенов Қанат металл бөлімінен барды. ДИ 31, ДИ 21 тобының студенттері Жұбан Айкөркем мен Көбенов Қанат екі бағытта жұмыс жасағаны жөнінде баяндады. Бірінші бағыты графикалық, екінші түрлі – түсті бағыт, тақырыбы «Ұлы даланың жеті қыры» болды. Олимпиаданың жоғары деңгейде өтіп, жүлделі үшінші орынға ие болған жетістіктерімен бөлісті. Конференцияны қорытындылаған факультет деканы студенттерге, магистранттарға, әріптестеріне сәттілік тілеп, ізгі ниетін білдірді.

Мәдениет және өнер факультетінің деканаты


Басып шығару