ШЫН КӨҢІЛМЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ..!

19-наурыз күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті Музыка мұғалімдерін даярлау және орындаушылық өнер білім беру бағдарламасының доценті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Кұрмет орденінің кавалері Жұмағаным Әбілхалыққызы Рахимованың 70 жасқа толуына орай БББ-да құттықтау және шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып өткізілді. Мерейтой иесін ең алдымен білім ордамыздың ректоры Нұрлан Хабибуллаұлы қабылдап, шығармашылық, жолдағы елеулі еңбегін, өнер жолына бағыт алушы жастарға деген білімін, сахналық талантты жастарды тәрбиелеу ісіндегі бағыт бардары үшін алғысын білдіріп Құрмет грамотасымен марапаттап, ресми құттықтады.
Аяулы ұстазға деген кұрметпен шағын концерттік бағдарлама сахналанды. Білім беру бағдарламасындағы профессор-оқытушылар құрамы гүлшоғы мен дайындалған сыйлықтарын табыс етіп, жүрек жарды лебіздерін арнады. Шарада концертмейстер Гүлмира Тащанованың сүйемелдеуімен Жұмағаным Әбілхалыққызының класында тәлім алушы студенттер өнер көрсетті: Бақытжамал Елеусіз, Аяулым Елдесбаева, Әсем Мусина, Байқожа Сағынғалиев, Үмітжан Кеңесова сынды талантты студенттер ұстаздарына деген құрметті өнерлерімен жеткізді. Сонымен қатар университет қабырғасынан түлеп ұшқан Жұмағаным Рахимованың, түлектері Артем Мукатаев, Тимур Мусин, Ақтоты Ешматова құттықтап келіп, ән орындап, гүлшоқтарын ұсынды. Құшағы гүлге, жүрегі қуанышқа толы ардақты ұстазымызға барлық жылы лебіздер арналды. Шара соңында өз қуанышымен бөлісіп алғысын жеткізген Жұмағаным Әбілхалыққызы барша әріптестермен шәкірттеріне ризашылығын білдірді. Есті тарих қойнауынан орын алар естелі суреттермен шара аяқталды.
Ұрпақтың саналы биіктеуіне мейіріммен шуақ, шашқан ұстазымызды ШЫН КӨҢІЛМЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ..!

 


Print