Қыркүйек айының 30-ы күні Музыкалық білім және вокал кафедрасы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Университетінің 90 жылдығына орай «Білім атты өнермен сырлас болған Ұстаздар» атты ұзақ жылдар қызмет еткен ардагер ұстаздармен кездесу кешін ұйымдастырды.
Негізгі мақсат студенттерге ардагер ұстаздардың еңбек жолы арқылы педагогикалық мамандықтың қыры мен сырларын ұғындыру, ұстаздың қадір- қасиетін түсіндіру, шығармашылыққа тәрбиелеу.
Кездесу кешінде бар ұстаздық жолын осы оқу ордамызға арнаған, талай шәкірт тәрбиелеген аяулы ұстаздарымыз ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы иегері, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Республикалық әншілер конкурсында К.Байсейітова атындағы I сыйлықтың лауреаты,
Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының солист-вокалисі Рахимова Жұмағаным Әбілхалыққызы, ерекше дауыс иесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Қожақов Қанатқали Қамокұлы, Музыкалық білім кафедрасының аға оқытушысы, бірнеше ғылыми жұмыстармен студенттерге жетекшілік жасап, жұмыстары республикалық жүлдеге ие болған, ұлағатты ұстаз Жәрдемова Ақмарал Бақтыбайқызы, ҚР Ұстаздар қауымының мүшесі, академиялық орындаушы, педагог-вокалист Мәулетова Таисия Қиякбайқызы құрметті қонағы болды. Сонымен қатар, «Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып » дегендей, ұрпақ сабақтастығы мақсатында, осы кафедраның ұстаздарынан тәлім-тәрбие алып, өнер мен білімді ұштастырып, қазіргі таңда осы ұстаздық жолда табысты еңбек етіп келе жатырған кафедра түлектері де қатысты. Республикалық «Күйшілер Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясы жанындағы «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің жетекшісі Кенжеғалиев Асқар Мұхамбетқалиұлы, және республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония солисті Айғалиева Ардақ Қуандыққызы.
Шараның басында ақылмен түйсініп, жүрекпен сезінетін пайым-парасатымен, талғам-танымымен танылатын асыл жандар ардагер ұстаздарды қошеметпен ортаға шақырды. Өмірлерін өнермен өрнектеп жүрген, ұстаздар өз қызықты да әсерлі ойларымен бөлісіп, студенттердің қойған сұрақтарына жауап берді. Кафедра ұжымы ардагер ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтап, кафедра атынан алғыс хат пен гүл шоқтарын табыстады.Мағына мен мәнге толы кездесу әдемі, әсем нотада аяқталды.